ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жылу беру маусымындағы түйткілдерді толықтай шешуді тапсырды

ТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкіметтегі селекторлық кеңесте ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов жылу бері маусымындағы мәселелерді толықтай шешуді тапсырды.
None
None

«Дайындық бойынша, біз бұған дейін бірқатар селекторлық кеңес өткіздік, алайда қыс басталғанда кейбір мәселелер туындап жатыр. Кей өңірлерде объективті, кей жерлерде субъективті себептер бар. Яғни қыс түссе болды, оңтүстікте газ жетіспеушілігі орын алады. Қалай алдын ала қарастырылса да, бұл мәселе жылда қайталанады», - деп сынға алды Үкімет басшысы жауапты органдардың жұмыстарын.

Бұл тұрғыда К. Мәсімов министрлік пен «ҚазМұнайГаз» компаниясы тиісті жұмыстарды алдын ала зерделеп, ойластыруы керектігін қадап айтты. Премьер-Министрдің пайымдауынша, газ бойынша проблемалардың туындау мүмкіндігін ескеріп, алдын ала сақтандыру келісімдерін жасау қажет. Осы орайда К. Мәсімов орынбасары Әсет Исекешевке жылу беру маусымына байланысты, барша қаржылық, техникалық мәселелерді қарастыруды жүктеді.

«Яғни бұдан кейінгі уақытта бұл мәселелер туындамас үшін, келесі Үкімет отырысында қажетті қаулыны қабылдау қажет», - деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Еске сала кетейік, Мұнай және газ вице-министрі Берік Толымбаевтың хабарлауынша, 1 қарашадан бастап еліміздің оңтүстік өңірлерінде Өзбекстан тарапынан газ жеткізіліміне шектеу қойылғандықтан газ жетіспеушілігі туындаған болатын. «Бірінші қарашадан бері Өзбекстан тарапы газ жеткізіліміне шектеу қойды. Тапсырыс бойынша, белгіленген 397 мың текше метр газдың жеткізілімі 100 мың текше метрге төмендетілді. Тұрақтылықты сақтау үшін Полторадское, Көктөбе қоймаларынан, Амангелді кен орнынан газ жеткізілімі көбейтілді», - деп атап өтті вице-министр.

Оның сөзіне қарағанда, аталған мәселені шешу үшін министрлік «ҚазМұнайГаз» және «ҚазТрансГаз» компанияларымен бірлесе, Өзбекстанға барып келіссөздер жүргізді. Алайда өзбекстандық тарап газ жеткізіліміндегі шектеуді доғармады.

«Осыған байланысты 10 қарашада қытайлық «CNPC» компаниясымен келісімге қол жеткіздік. Осының аясында 2011-2012 жылдардың күзгі және қысқы маусымында 500 млн. текше метр көлемінде газды алмастыруға уағдаластық жасалды. Оның ішіндегі 12 млн. текше метрі жыл соңына дейін жеткізіледі», - деді Б. Толымбаев.

Оның айтуынша, 10 қараша күні сағат 21.00-ден бастап, Түрікменстан газы еліміздің жүйесіне жеткізіле бастады. 12 қарашада бұл бағыттағы ахуал тұрақтанды. Қазіргі кезде тиісті жұмыстар қалыпты режимде атқарылып жатыр.

Соңғы жаңалықтар