ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің бұрынғы басшысы Бәсекелестікті қорғау агенттігін басқарды
АСТАНА. 2 ақпан. ҚазАқпарат /Қанат Құлшыманов/ - ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Бәсекелестікті қорғау агенттігі ұжымына жаңа басшы - Ғабидолла Әбдірахимовты таныстырды.
Ол бұрын ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесін басқарды.
Ғабидолла Рахматоллаұлы Әбдірахимов 1975 жылы Шымкент облысында Киров ауылында туған.
Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін экономист-бухгалтер мамандығы бойынша бітірген. «Болашақ» бағдарламасы бойынша (1997-1999) Неміс мемлекеттік басқару жоғары мектебін (Германия) бітірген. Мемлекеттік әкімшілендіру магистрі. «Нұр Отан» ХДП мүшесі.
Еңбек жолын Қазақ мемлекеттік аграрлық университетінде ассистент (1996-1997) болып бастады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бас маманы, бөлім бастығы, төрағаның кеңесшісі (1999-2001), ҚР Мемлекеттік қызмет істер агенттігі агенттігі төрағасының орынбасары, бірінші орынбасары, төрағасы, (2001-2008), Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің басшысы (2008 жылдан бастап) болып жұмыс жасады Сондай-ақ ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы түлектері қауымдастығының президенті (2001-2008) болды, ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің төрағасы (2008 жылдан), «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ Корпоративтік хатшысы міндетін атқарушы.
«Құрмет» орденімен (2006), «Астанаға 10 жыл» мерекелік медалімен (2008) марапатталған.