ҚР Премьер-Министрі құрылыс саласының майталмандарын төсбелгілермен және құрмет грамоталарымен марапаттады
АСТАНА. 9 тамыз. ҚазАқпарат - Бүгін Астанадағы Қазмедиа орталығында Құрылысшылар күні қарсаңында өткен салтанатты жиында ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов құрылыс саласында көп жыл еңбек еткен білікті мамандарды төсбелгілермен және құрмет грамоталарымен марапаттады.
Атап айтар болсақ, ҚР Премьер-Министрінің атынан құрмет грамоталарымен «BI Group» холдингінің өндірістік-техникалық бөлімінің жетекшісі Вера Гельд, «Asti» құрылыс компаниясының құрылыс учаскесінің жетекшісі Сейітқали Орынбеков (Көкшетау қ.), «УКС» ЖШС директоры Аманжол Шормақов (Талдықорған қ.) , «Каспиан Альянс Қазақстан» ЖШС қызметкері Идеят Ілясов (Атырау қ.), «БК-Құрылыс» ЖШС құрылыс бөлімінің жетекшісі Болатбек Ақбұжыров (Қостанай қ.), сонжай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы, «Астана - жаңа қала» АЭА бас директоры Николай Тихонюк сынды азаматтар марапатталды.
Ал «Қазақстанның құрметті сәулетшісі» төсбелгісімен Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Салауат Алпысбаев (құрылыс саласындағы еңбек өтілі - 36 жыл, аталған ұжымдағы еңбек өтілі - 32 жыл), Тараз қаласындағы «Эрфольг» ЖШС бас архитекторы Рүстем Бодаубеков (сала бойынша - 26 жыл), «Bi» ЖШС бөлім меңгерушісі Алтынбек Шаяхметов (еңбек өтілі - 36 жыл), «НИПИ Нефтегаз» АҚ жобалау департаментінің Орал бөлімінің жетекшісі Юрий Умеркаев (еңбек өтілі 36 жыл), «Күмбез» компаниясы» ЖШС архитекторлар тобының жетекшісі Қадиша Иманбекова (еңбек өтілі 28 жыл) сынды кәсіби мамандар марапатталды.
«Қазақстанның құрметті құрылысшысы» деген төсбелгісіне «Павлодар - ортақ үйіміз» қоғамдық бірлестігінің басқарма төрағасы Евгений Азаров (салада 16 жыл), «Базис құрылыс компаниясы» ЖШС жетекшісі Құмар Құлдыбаев (40 жыл), «Құлагер» құрылыс компаниясының басқарушы директоры Галина Ященко (39 жыл), «Қазақмыс» корпорациясының Жезқазғандағы филиалының ағаш шебері Бақытжан Тобағабылов (41 жыл), «Монолит» ЖШС прорабы Елден Тоғайбаевтар лайық деп танылды.