ҚР Премьер-Министрі Қырғызстанға қатысты «сұр импорт» туралы дәлелді мәліметтерді келтірді - сарапшы

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев Бақытжан Сағынтаевтың Ереванда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңесте Қырғызстанға келіп жатқан «сұр импорт» туралы дәлелді мәліметтерді келтіргенін айтады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

ҚР Премьер-Министрі Қырғызстанға қатысты «сұр импорт» туралы дәлелді мәліметтерді келтірді - сарапшы

«Кеше Бақытжан Әбдірұлы (Сағынтаев - ҚазАқпарат) ЕАЭО елдерінің Қытай Халық Республикасымен сауда-саттық қарым-қатынасы турасында дәлелді статистиканы келтірді. Ол мәліметтерде Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі бері Қырғызстанға «сұр импорттың» мөлшері артып кеткені көрсетілген», - дейді ол.

Рахым Ошақбаев өз сөзінде Қазақстан тарапы кедендік бақылауды алып тастаған жағдайда Қырғызстанмен шекарада тауардың аталған «сұр» ағыны жаулап алатынына сақтықпен қарап отырғанын атап өтті.

«Бұл жағдай Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразиялық экономикалық одақтың экономикасына айтарлықтай кері әсерін тигізеді», - дейді Рахым Ошақбаев.

Сонымен бірге, ол Қырғызстанның Премьер-Министрі Сапар Исаковтың фейсбуктағы жазбасымен таныс екенін білдірді.

«Қойылған сұрақтар бойынша қырғыз тарапы ешқандай жауап бермей отыр. Ішінде 43 пункт бар «Жол картасы» әзірленіп жатқаны айтылды. Бірақ, оған қазіргі уақытта қол қойылған жоқ. Менің білуімше, ол құжатқа қырғыз тарапы қол қоймай отыр. Жеке өз басым қазақстандық тараптың аумағымызға заңсыз тауарлар мен «сұр импорттың» енуіне, тәртіпті орнатуға деген әрекетін қолдаймын», - дейді ол.

«Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының есебіне сәйкес, Қазақстан «сұр импорттың» кеселінен жылына 162 млн АҚШ доллар қаражатын жоғалтады.

«Меніңше, қырғыз тарапы жауапкершілікті өз мойнына алып қана қоймай, мәселені шешу жолында нақты қадамға баруы керек секілді. Өйткені проблеманың бар екені көзге ұрып тұр. Барды бар деп айтып отырғанымен, мәселенің шешілуі жолында Қырғызстан ештеңе жасамай отыр. Қырғызстанда аталған мәселені шешуге қарсылық танытып отырған билікте құзырлы бенефициарлар да бар деген пікірлер айтылып жүр», - дейді Рахым Ошақбаев.

Бұған қоса сарапшы Қырғызстан ЕАЭО құрамына енгеннен кейін Қазақстан ол тараптың «сұр импортқа» қатысты әрекеттеріне көз жұма қарап келгенін атап өтті.

«Бұл мәселе күні бүгінге дейін шешімін таппай отырғандықтан, біз өз нарығымызды қорғауымыз керек. Әлбетте, аздаған өзгеріс болуы мүмкін. Бірақ, бәрібір мәселе өзекті күйінде қалады. Мұны ретке келтірудің бір-ақ қана жолын Қазақстан жүзеге асырып отыр. Ол - тауар өндірушілік немесе ешқандай коммерциялық құжаттарсыз келген шекарадағы тауарларға бақылау орнатып, жарамайтын тауарды кері қайтарып отыру. Меніңше, Қазақстан тарапы ұстанымын Қырғызстан өз жұмысын ретке келтіргенше өзгертпеуі керек», - дейді ол.