ҚР Премьер-министрі ресейлік теңіз порттарындағы дискриминация мәселесін үкіметаралық кеңесте тағы көтермекші
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің бүгінгі отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Бішкек қаласында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің күн тәртібіне ресейлік теңіз порттарындағы дискриминация мәселесін енгізуді тапсырды, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ресейдің теңіз порттарына шығу мәселесін біз көптен бері пысықтап келеміз. Оны сан алуан кезедесулерде талқыладық. Бішкекте (Еуразиялық үкіметаралық кеңесінің отырысында) оны тағы да қарастыруға дайынбыз. Асқар Ұзақбайұлы, тиісті xатты әзірлеңіз. Бұны қайтадан күн тәртібіне енгізу керек. Бірақ өткен жылы Ресей Федерациясының премьер-министрі тиісті қаулының жобасын әзірлеуді тапсырған болатын. Олар осы мәселені шешіп, өткен жылдың қыркүйек-қазан айларында құжат қабылдауға тиіс еді. Жарайды, оған қайтып оралайық. Негізі, бұл жерде бірқатар даулы мәселелер бар. Соны ретке келтірген жөн», - дейді Сағынтаев.
Айта кетейік, бүгінгі отырыс барысында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Қазақстан көмірінің экспорты үшін ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер аумағындағы теңіз порттары қызметтеріне теңдей қолжетімділік мәселесін көтерді . «Қазақстандық көмір өндіруші компаниялар Ресей Федерациясы теңіз порттары операторларының қызметтеріне қолжетімділік кедергілеріне тап болды. Кедергілер баршылық, барлық оператор компаниялар бұл мәселені бақылауда ұстап тұр», - деді ол.