ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Ө.Шөкеев елордадағы тұрғын үй құрылыстарының жағдайына тексеру жүргізді
АНА. Тамыздың 14-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов және «Нұр Отан» партиясының өкілдері «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» қаржыландыруымен құрылыстары салынып бітіп жатқан тұрғын үйлердің құрылыстарына тексеру жүргізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ө.Шөкеевтің атап көрсеткеніндей, Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасының шеңберінде тұрғын үй секторында туындаған дағдарыстан шығудың түрлі 10 механизмі әзірленді. «Олардың барлығы «мемлекеттің бір тиыны қайтарымсыз қалмауы қажет» деген қағидамен жасалды. Біз 2007 жылы құрылыс нарығындағы дағдарыстың алғашқы салқынын сездік. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы болмағанда және жеткілікті көлемде қаражат бөлінбеген жағдайда, бүгінде біздің жағдайымыз аса мәз болмайтын еді, 62 мың үлескер баспанасыз қалушы еді», - деді ол.
11 құрылыс нысанын аралау барысында негізгі назар құрылыс сапасына, сондай-ақ үлескерлердің проблемаларын шешуге аударылды. Жылжымайтын мүлік қоры (ЖМҚ) бұл нысандардан 1 мың 600 пәтерді сатып алу арқылы құрылыс жұмыстарын аяқтауға 44,7 миллиард теңге бөліп отыр. Бұл 1 мың 800 үлескердің мәселесін шешуге мүмкіндік берді.
Аталмыш нысандарда құрылыс материалдарды пайдаланудағы қазақстандық мөлшерге тоқталған Қ.Келімбетов: «Дағдарысқа дейін оның көлемі 25-30 пайыз болса, қазір біз құрылыс салушылардан оның мөлшерін барынша арттыруды талап етіп отырмыз. Ондай компанияларға Астана және Алматы қалаларындағы барлық құрылыс ұйымдарына жеткізуші болу мүмкіндігі берілді. Бірақ бағалардың тиімді болуын да талап етудеміз», - деді.
Айта кетерлігі, «Самұрық-Қазынаның» Жылжымайтын мүлік қорымен қаржыландырылған құрылыс нысандарында пайдаланылған қазақстандық үлестің көлемі тамыздың 1-індегі жағдай бойынша 87 пайызды құрады. Солай аталмыш нысандар бойынша 729 миллион теңге үнемделді. Материалдардың жалпы құны - 3 974 миллион теңге.
2009 жылғы тамыздың 10-ындағы жағдай бойынша ЖМҚ Астана мен Алматыда құрылысы аяқталмаған нысандарды аяқтау үшін қаржыландыру сұраған 61 құрылыс салушының өтінішін қарау үстінде. ЖМҚ олардан 12 мың 500 пәтерді сатып алу арқылы 176 миллиард теңгеге қаржыландырып, 10 мың үлескерді баспанамен қамтамасыз ететін болады.
ЖМҚ-ның құрылыс компанияларынан сатып алған пәтерлері мемлекеттің қорында болады және олар жекешелендіру мүмкіндігімен ұзақ мерзімге жалға беріледі.