ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Азиада жүлдегерлерімен кездесті

АСТАНА. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанада Шаңғы жарыстары федерациясының президенті - ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев 7-қысқы Азия ойындарының жүлдегерлерімен кездесті.

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев Азиада жүлдегерлерімен кездесті

Ө.Шөкеевтің қабылдауына шаңғышылар Алексей Полторанин, Николай Чеботько, Сергей Черепанов, Евгений Величко және Светлана Малахова, Елена Коломина, Оксана Яцкая, Анастасия Слонова, сондай-ақ жаттықтырушылар құрамынан Сергей Тишков, Сергей Снытин, А. Батяйкин сынды жетекші мамандар шақырылды. Азиададағы жарқын өнерлері үшін олардың барлығына 10 мың АҚШ доллары көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

«Біздің құраманың шеберлері өздерінің ең үлкен деңгейдегі кәсібиліктерін көрсетті. Азиададағы ең қызықты, тартымды спорт түрлерінің бірі - шаңғы жарысы болып шықты. Бізде бұл спорт түрінде 12 жиынтық медаль сарапқа салынған болатын. Оның 6 алтын, 5 күміс, 4 қола медалін біздің шаңғышылар жеңіп алды. Осы нәтиже Қазақстан спортшыларының командалық есептегі бірінші орынға шығуына үлкен үлес қосты»,-деді Ө.Шөкеев.

Өз кезегінде жаттықтырушы Александр Батяйкин үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан федерация басшылығына шаңғышылар атынан алғыс білдірді. «Сіздердің үлкен демеулеріңіздің арқасында біз халықаралық спортта жоғары биіктерге көтерілдік, қазақстандық шаңғышылардың атағы жер жара бастады, бәсекеге қабілетті екендіктерімізді өзге елдердің барлық спортшылары жазбай таниды»,-деді ол.

Сонымен қатар, марапаттау рәсімі аяқталғаннан кейін, федерация президенті шаңғышылардың 21 ақпанда Ослодада жалауы көтерілетін Әлем чемпионатына дайындығы жөнінде сұрады. Жаттықтырушы Александр Батяйкиннің айтуынша, Әлем чемпионатында ел намысын ерлер мен әйелдер арасында алты-алтыдан 12 спортшы қорғамақ. Онда да 15 шақырымдық классикалық жүрісте Алексей Полторанин мен Николай Чеботькоға үміт артылып отырғандығын айтты.