ҚР Президенті Әкімшілігінде көлеңкелі экономикаға қарсы тұру жоспарын жүзеге асыру барысы қаралды
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Әкімшілігінде Қауіпсіздік Кеңесі хатшысының орынбасары - Қауіпсіздік Кеңесі хатшылығының меңгерушісі Қ.Жаңбыршиннің төрағалығымен Бас прокуратураның, Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің, Ішкі істер министрлігінің, Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті мен Салық комитетінің басшылары қатысуымен кеңес өтті.
Кеңесте 2013-2015 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың кешенді жоспарын жүзеге асыру барысы, сондай-ақ аталған саладағы проблемалы мәселелер қаралды.
Баршаға белгілі, көлеңкелі экономикаға қарсы тұруды және алкоголь өнімдерінің жасырын айналымымен күресті жандандыру қажеттіне Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 11 қазанда Ақордада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына қатысушылардың ерекше назарын аударған болатын.
Кеңес барысында кешенді жоспардың кейбір шараларын жүзеге асыру тұрғысындағы мемлекеттік органдар іс-қимылының қабыспай жатқаны атап өтілді.
Осыған байланысты мүдделі мемлекеттік органдарға Жоспар іс-шараларын сапалы атқару жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді күшейту және өткізілген жұмыстарды кеңінен ақпараттық сүйемелдеу ұсынылды.