ҚР Президенті бизнестің қатысуын қажет ететін саланы атады
«Ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізу шараларын жандандыру керек. Назарбаев Университетінде заманауи ғылыми-зерттеу кешені іске қосылды. Онда 120 зертхана орналасқан. Олардың кейбірі жақында толыққанда жұмысын бастайды. Мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, бизнес қоғамдастықтар осындай ғылыми орталықтарға жиірек барып, ғылыми жобаларды іске асыру бойынша тығыз ынтымақтастықты орнатуы керек. Жақында ЭКСПО аумағында ІТ-стартаптар бойынша жұмыс басталды. Ол жерде жастардың жұмысымен және олардың ойлап тапқан жаңа идеяларымен таныстық. Олар жобаларын өндіріске беруге дайын. Алайда коммерцияландыру баяу жылжып келеді», - деді Мемлекет басшысы Индустрияландырудың екінші бесжылдығы аясындағы жалпыұлттық телекөпірде.
Осы орайда, Президент бүгінде барша әлемде бизнес жаңа жобаларға қолдау жасап жатқанынан, сәйкесінше, бұл тың идеялар өндірісті көтеретінін, өнімділік деңгейі артатынын атап өтті.
Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгінгі телекөпір барысында Қазақстан видеоны 360º градус режімінде түсіретін көзілдірікті экспорттайтындығы мәлім болды.
Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Сарыарқа» газ құбырының құрылысын бастауға рұқсат берді.