15:43, 26 Мамыр 2016 | GMT +5
ҚР Президенті БҰҰ қамқорлығымен адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынды
АСТАНА. ҚазАқпарат -- БҰҰ қамқорлығымен адами капиталды дамыту қорын құру қажет. Бүгін Астана экономикалық форумының жалпы отырысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

ҚР Президенті өз сөзінде дамушы және кедей елдердегі адам капиталын дамыту экономика өсімінің өзегі болуы тиістігін, сауатты да алғыр адамы жоқ елдің дамуы тежелетіндігін баса айтты.
«Бұл проблеманы шешу үшін Біріккен Ұлттар Ұйымының қамқорлығымен адами капиталды дамыту қорын құруды ұсынамын. Бұл қордың басты міндеті кедей елдердегі білім мен денсаулық сақтау сапасын жақсарту болуы тиіс», - деді Елбасы.
Мемлекет басшысының алға тартқан ЮНЕСКО деректеріне сәйкес кедей елдерді жалпыға ортақ білім беру базасымен қамтамасыз ету үшін 1 жылда шамамен 50 млрд. доллар қажет болады. «Бұл проблема халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерінің есебінен ғана шешіле алады», - деді Н.Назарбаев.