ҚР Президенті: Экономикалық ынтымақтастықты кеңейту - АӨСШК қызметінің негізгі бағыты
ШАНХАЙ. ҚазАқпарат - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі (АӨСШК) қызметінің негізгі бағыты - оған мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейту. Бұл туралы АӨСШК бірінші пленарлық отырысы барысында Қазақстан Президенті Н. Назарбаев мәлімдеді.
«Экономикалық ынтымақтастықты кеңейту - АӨСШК қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Бүгінде Азия - әлемдік экономиканың локомотиві. Экономика бойынша үздік 20 елдің қатарында алты Азия елі бар. АӨСШК мемлекеттерінің үлесі әлемдік ІЖӨ-нің үштен бір бөлігін құрайды. Біздің аймақтың экономикалық дамуын көбіне жаһандық трендтер анықтайды», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі G-8, G-20 форматтары мен өзге де ұйымдар әлемдік экономикалық дағдарыстың салдарын жою бойынша тиімді шараларды жасап шығара алмады. «Сондықтан мен 2012 жылы «G-GLOBAL» бастамасын көтердім. Бұл платформаға 21-ші ғасырдағы ең іргелі принциптер енген, оған интерактивті түрде 150-ден астам ел қатысуда», - деп атап өтті Н.Назарбаев. Ол, сонымен қатар, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету қазіргі таңда ең өзекті мәселердің бірі болып отырғанын атап өтті. «Бүгінгі таңда аштыққа тап болған халықтың 60 пайызы Азия елдерінде. Осы мәселені шешу үшін өңірдің барлық мемлекеттерінің кешенді түрде бірігуі қажет, сонымен бірге, АӨІСШК желісі бойынша азық-түлік өндірісіне қатысты нақты механизмдерді әзірлеу қажет», - деді ол. Аграрлық сектор үшін, өзге де салалар үшін де қолжетімді, тармақты көлік коммуникациясын құру маңызды рөл атқарады деп жалғастырды Н. Назарбаев. Ұлы жібек жолын қайта жаңғырту бұған жақсы негіз болады. «Бұл тұрғыда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Жібек жолы инфрақұрылымдық қорын құру идеясының мәні зор. Азия мен Еуропа елдерін біріктіретін бағдар әлемдегі ең ірі көлік жүйесіне айналмақ. Келесі жылы Қазақстан Азиядан Еуропаға тауарларды жеткізу мерзімін 2 есеге қысқартатын «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» автомагистралін іске қосады. Оған қоса, біз көршілес елдермен Ляньюньган порты арқылы Қытай мен Оңтүстік шығыс Азияға шығатын жаңа теміржол магистралдарын салып жатырмыз, Иран мен Парсы шығанағы елдеріне шығатын теміржол құрылыстарын аяқтап қалдық. Әлемдік экономиканың өсуі аясында заманауи технологиялар мен энергетикалық ресурстарға қолжетімділікті қамтасыз ету өзектілігі де артып келеді. .