ҚР Президенті қай елдердің басшыларымен кездесті
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Биыл ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді. Бұл туралы бүгін Ақордада өткен брифингте ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекетаралық байланыстар мен өзара ынтымақтастықтарды нығайту мақсатында Ресей Президенті В.Путинмен, ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен, АҚШ Президенті Дональд Трамппен және Германия канцлері Ангела Меркельмен кездесті. Сондай-ақ, Армения, Беларусь, Болгария, Грузия, Иран, Иордания, Катар, Люксембург, Қырғызстан, Венгрия, Молдова, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Польша, Сингапур, Тәжістан, Түрікменстан, Украина, Финляндия, Швейцария мемлекеттерінің басшылармен жүздесті», - деді ҚР Президентінің баспасөз хатшысы.
Мұнан бөлек, оның дерегінше, Президент Елшілермен, шетелдік іскер және саяси ортаның халықаралық ұйымдарының жетекшілерімен, соның ішінде БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеришпен, Еуропалық кеңес төрағасы Доналд Тускпен және басқа да әлемдік деңгейдегі саяси тұлғалармен 100-ге жуық халықаралық кездесу өткізді.
«Мемлекет басшысы 23 шетелдік Елшіден сенім грамоталарын қабылдады және Қазақстанның шетелдердегі 30 Елшісін тағайындады. Сонымен қатар Қазақстанның 6 мемлекеттегі, атап айтсақ, Болгария, Латвия, Португалия, Сербия, Словакия, Эстониядағы дипломатиялық миссиялар Елшілік ретінде қайта құрылды. Нұр-Сұлтан қаласында 70 мемлекеттің Елшілігі мен 30 халықаралық ұйым өкілдігі бар солардың барлығымен өткен айдың соңында Ақордада кездесу өткізгенін білесіздер»,- деді Берік Уәли.