ҚР Президенті Қазақстан мен Қырғызстанның Жоғары мемлекетаралық кеңесінің маңызы туралы айтты
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бүгін Бішкекте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Қазақстан Республикасы мен Қырғыз Республикасы Жоғары мемлекетаралық кеңесінің төртінші отырысы 2014 жылы Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Осы кеңестің жұмысында белгілі бір уақытқа үзіліс болғанына қарамастан, бұл кеңес екі жақты қатынастардың барлық спектрі бойынша маңызды саяси шешімдерді қабылдауға ықпал ететін ынтымақтастықтың маңызды органы болып қала береді. Соңғы бес жыл оңай болмады, яғни сауда соғысы, санкциялық текетірестер, нарықтың халықаралық конъюнктурасы нашарлады. Осы қиындықтарға қарамастан, біз ынтымақтастықтың жоғары деңгейін қолдауға, бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын іздеуге әрі дамытуға ұмтылып келеміз. Бұл өз кезегінде қазақ-қырғыз қатынастарының рухы мен сипатына сай келеді», - деді Президент Жоғары мемлекетаралық кеңесінің бесінші отырысында.
Мемлекет басшысының Қырғызстан Қазақстан үшін жақын көрші және бауырлас мемлекет екенін, осы орайда ежелден екі ел бір-біріне қолдау жасап келгенін атап өтті.
«Осындай жасампаз негізде біз өзара қарым-қатынасты заманауи кезеңде құрып келеміз. Қазақстан мен Қырғызстан көпжақты құрылымдар мен механизмдер аясында жемісті жұмыс істеп, өңірлік әрі жаһандық тұрақтылық пен ынтымақтастықты қамтамасыз етуге үлестерін қосып келеді», - деді Президент.