ҚР Президенті қазақстандықтарды сайлауда белсенді дауыс беруге шақырды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мәңгілік ел: бір ел - бір тағдыр» атты ХХІІ сессиясында ҚР Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды сайлауда белсенді дауыс беруге шақырды.
Елбасы өз сөзінде 26 сәуірге белгіленген кезектен тыс президенттік сайлауға әлемнің зор қызығушылық танытып отырғанын баса айтты.
«Әлемнің 40 елінің өкілі, 1200-ден астам байқаушылар, 200-ден астам БАҚ өкілдері қазір Қазақстанда. Әрі бұл тосыннан емес. Қазақстанның қандай екенін, қандай жолмен жүріп келе жатқанын, бұл халықтың ерекшелігі неде екендігін тағы да білгілері келеді. Сондықтан да Қазақстан азаматының конституциялық парызын орындай отырып, барлығы да дауыс беруге келуі қажет», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президенті өз сөзінде бір дауыс ештеңе де шешпейді деп ойлау дұрыс еместігін баса айтты.
«Сайлаушы қазақстандықтар сайлауға көп қатысқан сайын, әлемде бізге деген құрмет арта түседі. Сол арқылы біз өзіміздің тұрақтылығымызды дәлелдей түсеміз. Сол арқылы өздеріңіз сайлаған Президенттеріңіздің беделі арта түседі. Сондықтан да мен осы мүмкіншілікті пайдалана отырып, барша қазақстандықтарды сайлауда белсенділік танытуға шақырамын», - деді Н.Назарбаев.