ҚР Президенті: Кез келген дағдарыс - бәрін тәртіпке келтірудің мүмкіндігі

АТЫРАУ-АСТАНА. ҚазАқпарат - Кез келген дағдарыс - бәрін тәртіпке келтірудің мүмкіндігі, деді Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан мен Маңғыстау облысы әкімдерімен өткен жиналыс кезінде.

ҚР Президенті: Кез келген дағдарыс - бәрін тәртіпке келтірудің мүмкіндігі

Мемлекет басшысы бүгінде бүкіл әлем дағдарыс ықпалын сезініп отырғанын айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметінен.

«Мұнда тұрған қорқынышты ештеңе жоқ. Біз капиталистік әлемде өмір сүріп жатырмыз. Бұл жүйеде ұдайы өсім болуы мүмкін емес, өсімнен кейін ылғи да құлдырау болады. Әлбетте, дағдарыс ықпалы зор болып отыр: бір жағынан энергия тасымалдаушы өнімдер бағасы құлдырауда, екінші жағынан біздің негізгі сауда серіктесіміз - Ресейге қатысты санкциялар өз ықпалын тигізуде. Бірақ кез келген дағдарыс - бәрін тәртіпке келтірудің де мүмкіндігі. Мәселен, біз нашар істейтін кәсіпорындар мәселесін ылғи кейінге қалдырып келдік. Мұндай нысандар бүкіл әлемде банкроттыққа ұшырайды, бұрынғы меншік иесінің орнына басқасы келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өңір басшыларын тиімсіз жұмыс істейтін және бәсекеге қабілетсіз кәсіпорындардың болашағы жоқ екенін ескеруге шақырды.

«Мен ЕАЭО-ға және ДСҰ-ға кірер кезде біздің кәсіпкерлерге бәсекеге қабілеттілігін арттыру қажеттігін талай рет айттым. Енді кедергілерді азайтып, еңбек өнімділігін көтеру керек», - деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Сочиде өткен XII өңіраралық ынтымақтастық форумы туралы да айтты.

«Біз Ресеймен бірге ауыл шаруашылығын дамыту келешегін талқыладық. Бүгінде агроөнеркәсіп секторында ресейліктер бізден озып тұр. Олардың еңбек өнімділігі 1,5 есе жоғары, сөйте тұра Ресей канадалықтардан 8-10 есе қалыс қалып келеді. Бізге осы бағытта жүру керек. Бүгін мен оптикалық талшықты кабель өндіретін кәсіпорында болдым, онда бір адамға шаққанда 80 мың доллардың өнімі шығарылады. Егер шығаратын өнімі шығындарды ақтамайтын болса, ондай өндірістің қажеті жоқ», - деді Мемлекет басшысы.