ҚР Президенті қоғамдық бақылау туралы заң қабылдауды тапсырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Мемлекеттік органдардың және квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын қоғамдық бақылау туралы заң қабылдау қажет. Бұл туралы бүгін Қазақстан халқына Жолдауын жария еткен ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сыбайлас жемқорлықпен күрес барынша жүйелі сипат алуы керек. Жемқорлықтың пайда болу себептеріне көбірек назар аударып, алдын алу үшін жұмыс жүргізілуде. Енді жемқорлыққа апаратын факторларды анықтау үшін мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың нормативтік актілері мен жұмыс үдерісіне жемқорлыққа қарсы күрес тұрғысынан арнайы талдау өткізген жөн», - деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар ҚР Президенті сыбайлас жемқорлықпен күрес жауапқа тартылудан қорыққан шенеуніктерді дербестік бастамашалық және жедел әрекет ету қасиеттерінен айырмауға тиіс екендігін баса айтты.

«Біз мемлекеттік бақылауға балама қоғамдық бақылау институтын қолдай отырып, тиісті құқықтық негіз қалыптастыруымыз керек. Мемлекеттік органдардың, квазимемлекеттік сектордың қоғам алдындағы ашықтығын және есептілігін қамтамасыз етуге жол ашатын қоғамдық бақылау туралы заңды әзірлеп, қабылдауды тапсырамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар