ҚР Президенті конституциялық реформа жайында: Талқылауларды тыңғылықты қадағалап отырдым

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы ел Конституциясына билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселесі бойынша енгізілетін түзетулерді қолдады. Бұл туралы бүгін Ақордада өтіп жатқан билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

ҚР Президенті конституциялық реформа жайында: Талқылауларды тыңғылықты қадағалап отырдым

«Бүгін біз еліміздің Конституциясына өзгертулер мен қосымшалар енгізу мәселесін талқылау үшін кездесіп отырмыз. Оның негізгі мақсаты билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу», - деп атап өтті Елбасы.

Мемлекет басшысы бұл мәселесінің маңызылығы ескеріле отырып, жұмыс тобы әзірлеген Конституцияға енгізілетін түзетулер жобасы бүкілхалықтық талқылауға шығарылғанын баса айтты.

«Біз бірінші отырыста талқыладық. Мен талқылаулар барысын тыңғылықты қадағалап отырдым және оның мақсатына қол жеткізілгендігін айта аламын. Халық талқылауы барысында негізінен біз енгізген өзгертулер қолдау тапты. Бүгін біз азаматтардан келіп түскен ұсыныстар мен пікірлерді қараймыз, қорытындысын шығарып, одан ары не істеуіміз керектігі жайында шешім қабылдаймыз», - деді Президент.

Осыдан кейін сөз алған ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы, жұмыс тобының жетекшісі Әділбек Жақсыбековтың айтуынша, талқылау барысында ел азаматтарынан 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түскен.