ҚР Президенті: Махаббат - Отанға, елге деген ұлы сезім

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еліміздің жетекші телеарналар журналистеріне берген сұхбаты барысында сезім тақырыбы да қозғалып, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев махаббат ұғымына қатысты өз түсінігін де айтты.

ҚР Президенті: Махаббат - Отанға, елге деген ұлы сезім

«Махаббат - бұл дүниедегі үлкен ұғым, ауқымы кең. Отанға деген махаббат, Туған жеріңе деген махаббат, өз жұмысыңа деген махаббат бар, ауқым-түсінігі кең. Махаббатсыз дүние - бос, махаббатсыз, сезімсіз ешнәрсе жасау мүмкін емес», - деді Н. Назарбаев.

«Мен кейде отырып алып, өзіміздің 20 жылдығымызда қандай қиын кезеңдерден өткенімізді еске аламын. Кеңес Одағы ыдырады, дүкен сөрелері қаңырап бос қалды, жалақы мен зейнетақыны төлеуге ешқандай қаражат болмады. Сонда мен Алматыда үйден көлікпен шыққанда көшедегі адамдарға жолда тоқтап, көшенің ортасында тұрып-ақ әңгімелесетінмін.

Мыңдаған сапарлар болды, мыңдаған митингілерде сөз сөйлеп, түсіндірдік. Сосын, мемлекетті тақыр жерден құрдық: өзіміздің армия да, өзіміздің Үкімет те, полиция да, саясат та болмады. Мектебіміз де, Конституциямыз да жоқ еді. Осының бәрін құруға тура келді. Көптеген елдердің конституцияларын зерделедік, Қазақстанға келетін мемлекеттерді іздедік. Сосын, Оңтүстік Шығыс Азияның екінші дағдарысы басталды. Бұны да еңсеру керек болды. Айтпақшы, біз қазір мұнай деп отырмыз ғой, ал 1998 жылдары мұнайдың баррелі 10 доллар ғана еді. Ал міне, 60 долларға түсіп еді, біз ойбайлай бастадық», - деді Н. Назарбаев. Сонымен қатар, Елбасы бүгінге дейінгі мемлекетті қалыптастыру ісінің бәрі өзінің көз алдында өткенін, бәрін өз жүрегінен өткізгенін жеткізді. «Ата-анамнан бойыма дарыған қуат мені ұдайы алға жетелейді. Екіншіден, бұл - Отанға, елге деген ұлы сезім. Оны іспен көрсете білу де керек», - деді Президент.