ҚР Президенті Мұрағаты 160 мың мұрағаттық істі сандық форматқа ауыстырады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті Мұрағаты жанындағы Қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті.

ҚР Президенті Мұрағаты 160 мың мұрағаттық істі сандық форматқа ауыстырады

Онда 2016 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес, сақталымда жатқан ерекше құнды құжаттарды анықтау және оларды іс-тәжірибеде пайдалану мәселесі талқыланды.

Өз сөзінде Қоғамдық кеңестің мүшесі Сәуле Боранбаева ҚР Президенті Мұрағатында ерекше құнды құжаттарға қатысты атқарылып жатқан жұмыстар барысын зерделеу қорытындысын жариялады.     

«Кейбір мұрағаттарда ерекше құнды құжаттарды анықтау, белгілеу жұмыстары мұрағаттық істердің тақырыбы бойынша ғана жүргізіледі. Ал мұнда мамандар әрбір құжатты мұқият зерттейді. Құжаттың мәтіні, мазмұны және авторынан бастап, рәсімделу үлгісіне, тіпті бұрыштамасына дейін жіті назар аударады», - деді ол.   

Отырысқа қатысқан ҚР Президенті Мұрағатының директоры Борис Жапаров өз кезегінде Мұрағатта құжаттарды сандық форматқа өткізу жұмыстары жүргізіліп жатқандығын жеткізді

Бұл жұмыстар бірінші кезекте ерекше құнды құжаттарды сандық форматқа аударудан басталған. Жоспар бойынша 160 мың құжатты сандық форматқа аудару көзделген. Қазіргі таңда олардың ішінде 3500 құжаттың электронды нұсқасы жасалды.