ҚР Президенті ОА елдері басшыларын Аралды құтқаруды жандандыруға шақырды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Аралды құтқару халықаралық қоры аясында Орталық Азия елдерінің өзара іс-қимылын жандандыру қажет. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Президенті ОА елдері басшыларын Аралды құтқаруды жандандыруға шақырды

«Қазақстан трансшекаралық өзендердің су ресурстарын өзара тиімді пайдалану мақсатымен бірлескен гидроэнергетикалық жобаларды жүзеге асыруға баса мән береді. Осы орайда Қырғызстанда Қамбарата ГЭС-1 құрылысының жобасы талқылануда. Кеше біз, үш Президент бұл мәселені егжей-тегжейлі талқыладық және алдын ала нақты әрі пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Гидроэлектр станциясы Орталық Азия елдерінің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, ауыл шаруашылығы өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді Қазақстан Президенті Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуінде.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Орталық Азия елдері басшыларын Аралды құтқару халықаралық қоры аясында мемлекеттеріміздің өзара іс-қимылын жандандыруға шақырды.

«Оның ұйымдық құрылымы мен шарттық-құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі аймақтық жұмыс тобындағы қырғыз тарапының жұмысын оң бағалаймыз. Аталған Қор аясында қырғыз тарапымен арадағы толыққанды ынтымақтастықтың қайта жаңғыратынына сенім білдіреміз», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Фото: wikimedia.org