ҚР Президенті Петербор экономикалық форумының пленарлық сессиясында сөз сөйлейді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Петербор халықаралық экономикалық форумының пленарлық сессиясында сөз сөйлейді. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін тілшілердің сұрақтарына жауап берген ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев хабарлады.

ҚР Президенті Петербор экономикалық форумының пленарлық сессиясында сөз сөйлейді

«Мемлекет басшысының пленарлық сессияда сөз сөйлеуі жоспарланып отыр. Елбасының Ресей Федерациясы ірі компанияларының басшыларымен кездесуі жоспарланған. Әрине, осындай кездесулерде әрқашан талқыланатын басты мәселе - бұл Қазақстанға инвестиция тарту», - деді ол.

Қ.Бишімбаев ҚР Президенті инвестицияларды тарту мәселесіне үлкен мән беріп, ел аумағында компаниялардың жұмыс істеуі үшін Қазақстанның мүмкіндіктеріне ерекше көңіл бөлетінін еске салды.

Сондай-ақ ПХЭФ аясында басқа сессиялардың жұмысына ҚР ҰЭМ-нің өкілдері қатысады. Олардың баяндамалары жекешелендіру, мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту мәселелеріне арналады.

ХХ Петербор халықаралық экономикалық форумы Санкт-Петерборда 16-18 маусым аралығында өтеді.