ҚР Президенті Премьер-Министр қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Серік Ахметовті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі қызметіне ұсынды.

ҚР Президенті Премьер-Министр қызметіне Серік Ахметовтің кандидатурасын ұсынды

Серік Нығметұлы Ахметов 1958 жылы 25 маусымда Қарағанды облысында туылған.  

Білімі жоғары. Қарағанды металлургия зауыты жанындағы зауыт-ЖТОО-ын, Ресей Басқару Академиясының аспирантурасын бітірген. Мамандығы инженер-металлург, экономика ғылымдарының докторы.

Еңбек жолын Қарағанды металлургия зауытында бастаған.

1983 жылдан 1990 жылға дейін партия және комсомол органдарында, Қазақстан ЛКЖО Қарағанды облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет атқарған. Кәсіпкерлікпен шұғылданған, Орталық-Қазақстандық «Кең дала» тауар биржасының президенті болған.

2001 жылдан Теміртау қаласының әкімі, Астана қаласы әкімінің бірінші орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Ұйымдастыру-бақылау басқармасының мемлекеттік инспекциясының меңгерушісі, Қазақстанның кәсіпкерлер мен жұмыс берушілерінің «Атамекен» Одағы басқармасының төрағасы. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрі, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары қызметтерін атқарды.

2009 жылдың қараша айынан бастап - Қарағанды облысының әкімі.

 2012 жылдың қаңтар айынан бастап Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болып тағайындалды.

«Құрмет», «Парасат» ордендерімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, мерейтойлық медальдермен марапатталған.

Үйленген. Екі баласы (ұлы, қызы), екі немересі бар.