ҚР Президенті сайлауына орай ОСК-де баспасөз орталығы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында 26 сәуір күні өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға орай баспасөз орталығы ашылды.
Орталық сайлау комиссиясының баспасөз хатшысы Венера Жексембекова өз сөзінде бұл орталықтың 2015 жылдың 26 сәуірінде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға дайындық барысында да, сайлау кезінде де жұмыс істейтіндігін атап көрсетті.
«Бұл баспасөз орталығы Орталық сайлау комиссиясының бұқаралық ақпарат құралдарымен байланысын арттырып, сайлау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ ол сайлау заңнамаларына қатысты мәселелерді түсіндіріп, насихаттауға да септігін тигізеді деген үміттеміз» - деді ол.
Сонымен қатар оның айтуынша, орталық заманауи техникамен, компьютермен жабдықталып, ғаламторға қосылған. «Мұның барлығы бұқаралық ақпарат құралдарының барынша ыңғайлы жағдайда жұмыс жасау үшін істелуде. Біз БАҚ өкілдерін сайлау барысында бірлесе жұмыс істеуге шақырамыз», - деді В.Жексембекова.