ҚР Президенті СҚО-ның хоккей және вело дәстүрлерімен танысты
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Петропавлдағы Спорт сарайына барды.
Мемлекет басшысы солтүстікқазақстандық спортшылармен кездесті. Мұз аренасында «Құлагер» хоккей клубының президенті Болат Карабалин Мемлекет басшысына «Құлагер» командасының жейдесін тарту етті.
Спорт сарайында Мемлекет басшысы мен облыс жұртшылығы өкілдерінің кездесуі өтті. Облыстың хал-ахуалын айта келе, СҚО әкімі Ерік Сұлтанов өңір халқының үштен бір бөлігінің спортпен белсенді айналысатынын атап өтті. «Спорттық ғимараттар саны еселеп көбеюде. Өткен жылы мұз аренасы бар Спорт сарайы салынды. Біз Солтүстік Қазақстан облысының хоккей дәстүрін жаңғырттық. Өткен жылы құрылған «Құлагер» клубы биыл қола жүлдеге ие болды. Біз солтүстікқазақстандық веломектеп түлектері негізін құраған «Vino4ever» (вино форевер) кәсіби велосипед клубының жетістіктерін мақтан тұтамыз», - деді өңір әкімі Ерік Сұлтанов.
Мұз аренасы және жеңілатлетикалық манежі бар Спорт сарайы өткен жылы тамыз айында ашылды. Ғимарат аумағы 15 мың шаршы метрді құрайды. Мұз аренасы мен манежден бөлек мұнда тіке жүгіру жолы, велосипедшілер орыны, тренажерлік және фитнес залдар бар. Мұз аренасының трибунасына мың адам сыяды.
Сарайда спорттың 12 түрімен айналысуға болады: хоккей, жеңіл атлетика, велоспорт, бокс, еркін және грек-рим күресі, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек, дзюдо, көркем гимнастика және гір спорты.