ҚР Президенті: Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс. Бұл туралы 7-інші шақырылған Парламенттің алғашқы отырысында Президент Қасым Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Президенті: Сот жүйесі жабық корпорация болмауға тиіс
«Сондықтан, сот корпусын едәуір жаңартып, оған түрлі құқық салаларының мамандарын тарту керек. Үміткерлерді іріктеген кезде олардың кәсіби тәжірибесімен қатар, жеке қасиеттерін де ескерген абзал», - деді Мемлекет басшысы. Президенттің айтуынша, бұл жұмыс БАҚ-та ашық көрсетілуі тиіс. «Сондай-ақ, сот қызметі туралы ақпарат қоғам үшін неғұрлым қолжетімді болғаны жөн. Құқық қорғау органдарының жұмысын да барынша өзгерту қажет. Бұл мәселе жөнінде Жолдауымда нақты айттым.

Біз азаматтармен өзара қарым-қатынастың сервистік моделін енгіземіз. Қоғамдық қауіпсіздік жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы қамтамасыз етіледі. Парламент заң үстемдігі, адал бәсеке және жеке меншікті қорғау қағидаттарының құқықтық негізін нығайта түсуі керек. Сонда бұл қағидаттар мүлтіксіз орындалатын болады. Бүгінде бірқатар заңнамалық ұсыныстар бойынша жұмыс істеліп жатыр. Дегенмен, әлі де көптеген тың бастама көтеріп, заңдар қабылдау қажет», - деді Қ. Тоқаев.