ҚР Президенті: Тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеу керек

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп, Тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек.
None
None

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі кеңесте сөз сөйлеген ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Күнделікті өмірде жемқорлық жағдайларына тап болған жұрт шарасыз күйге түседі, әділдіктің бар екеніне сенбейді. Пандемиямен жалпы ұлттық деңгейде жаппай күрес жүріп жатқанда пайда табу үшін адам қаншалықты арсыз болуы керек? Мысалы, Алматыдағы Жетісу ауданы әкімдігінің қызметкерлері азаматтарды блокпостан өткізу үшін үнемі пара алып отырған. Мұндай деректер бірнеше өңірде байқалды. Тіпті, барлық жерде осылай болған шығар деп ойлаймын. Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті», - деп атап өтті ҚР Президенті.

Мемлекет басшысы түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу – келмеске кетуі керектігін баса айтты.

«Бұл үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп, Тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Соңғы жаңалықтар