ҚР Президенті Үкіметке Алматыда қалдықтарды пайдаға жарату мәселесін шешуді тапсырды
АСТАНА. 12 мамыр. ҚазАқпарат /Серік Сабеков/ - Бүгін Алматы активімен болған кеңес барысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет пен қалалық әкімдікке қалдықтарды пайдаға жарату мәселесін шешуді тапсырды.
Мемлекет басшысы атап өткендей, оңтүстік астанадағы өзекті мәселелердің бірі қоқыстарды қайта өңдеу болып қалып отыр. Әлемдегі дамыған елдердің тәжірибесі бұл мәселенің ойдағыдай шешімін табуға болатынын көрсетті.
«Мысалы, Швейцарияда әрбір азамат қоқысты бөлуге, шыныларды бір бөлек, темірді бір бөлек, қағазды бір бөлек бөлуге міндетті». - деп атап өтті Н.Назарбаев.
Елбасы айтып өткендей, сондықтан да Швейцария мен Сингапур сияқты қалалар әлемдегі экологиялық ең таза қалалардың қатарына жатады. Ал Алматыдағы қоқыс өңдейтін жалғыз кешен бір жылдан бері жұмысын тоқтатып тұр.