ҚР Президенті: Үкіметте кадрлық толық ауыс-түйіс жасау қарастырылып отырған жоқ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Үкіметтің толық құрамын ауыстыру мәселесі тұрған жоқ. Бүгін ағымдағы жылды қорытындылап, журналистерге берген сұхбатында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Үкіметті толықтай ауыстыру мәселесі тұрған жоқ, себебі дәл осы Үкіметті мен дағдарысқа қарсы бағдарламаны, индустрияландыру бағдарламасын әзірлеуге, «Нұрлы жол», 5 институционалды реформа мен 100 қадамды жүзеге асыруға қостым. Аталған бағдарламалар осы Үкіметтің қатысуымен даярланды. Сонымен қатар бұл Үкіметке осыларды орындауға тапсырамын. Егер де тапсырмаларды орындау барысында кемшіліктерді байқасақ, ондай жағдайларда ауыстыру керек болады. Осы бағытта қисынсыз қадамдар жасалмайды. Бұл министрлерде тәжірибелері бар, олардың арасында үлкені де, орта жастағылары да және кішілері де бар. Олар бірлесіп жұмыс істейтін болады», - деді Президент. Осы орайда Елбасы қазіргі Үкімет биыл сайлаудан кейін құрылғанын еске салып өтті. «Біз «болашақтықтарды» не үшін оқыттық? Оған қоса «Астана» қаржы орталығының құрылуы бағытында келе жатырмыз. Онда барлығы ағылшын тілінде жүргізіледі. Кадрлар бізде жеткілікті, сондықтан жастар жұмыс істейтін болады», - деді Н.Назарбаев.