ҚР Президенті: Ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Абай қазақтың әр баласын ұлтжанды азамат етіп тәрбиелеуге шақырды. Оның мұрасы – парасатты патриотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан, азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқудан, ақын өлеңін жаттаудан жалықпаған жөн»,-делінген Мемлекет басшысының мақаласында.
Президент мақаласында сондай-ақ Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет ететіндігін айтады. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі.
Айта кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы бүгін «Egemen Qazaqstan» басылымының бүгінгі санында жарияланды.