ҚР Президенті жаңа тағайындауларға қатысты өз ойын білдірді
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Серік Баймағанбетовті Ішкі істер министрі, Рашид Түсіпбековті Әділет министрі етіп тағайындағанына қатысты ойын білдірді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өздеріңіз білесіздер, Ішкі істер министрлігінің басшысы болып Серік Баймағанбетов тағайындалды. Бұл азамат М. Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік университетін үздік бітірген. Ішкі істер министрінің, Әділет министрінің орынбасары болып, ҚР Президентінің аппаратында жұмыс істеген. Кейінгі кезде Мәжіліс депутаты, комитет төрағасы болып жұмыс жасады. Жұмысты біледі. Ішкі істер органындағы жұмысты жаңа қырынан жүргізеді деп санаймын», деді Н. Назарбаев ҚР Парламенті Сенатында құқық қорғау жүйесіндегі бірқатар тағайындауларға қатысты сөйлеген сөзінде. Сонымен қатар Президент Рашид Түсіпбековті Әділет министрі етіп тағайындағанына қатысты тұжырымын айтты. «Рашид Түсіпбеков көп шаруа жасады. Жұмысына адал жігіт, әріптестеріне құрметті азамат. Соңғы кездері Әділет министрлігіндегі заңдардың жазылуына, сапасына қатысты көптеген сындар айтып жүрді. Енді соның бәрін, заң шығару мәселесін түзесін», деді Елбасы. Әділет министрлігі депутаттармен тікелей жұмыс жасайтын орган екендігіне тоқталған Президент, Рашид Түсіпбековтің мол тәжірибесі бұл салаға өте қажет болатынын айтты.