16:58, 04 Наурыз 2009 | GMT +5
ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтті
АСТАНА. Наурыздың 4-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысы өтіп, онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мүмкіндігі шектеулі жандардың құқықтарын қамтамасыз ету мақсатында атқарып жатқан істері талқыланды.
Отырыста аталмыш мәселелер жөнінде сөз қозғаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жауапты хатшысы Тамара Дүйсенованың айтуынша, күн тәртібіне ұсынылып отырған мәселе - бүгінгі күннің ең өзекті проблемаларының бірі. Оның себебі, мүгедектердің проблемасы мен оны шешудің тұжырымдамалық моделінің тұтастай өзгеруіне байланысты болып отыр. «Айталық, осыған дейін мемлекет алдына мүгедектерді әлеуметтік қолдау мәселесі ғана қойылған болса, бүгінгі оларды оңалту мен қоғамға сіңіп кетуіне жағдай жасау шаралары алдыңғы орынға шығып отыр. Екіншіден, қазір республикадағы мүгедек азаматтар саны артуда. Нақтырақ айтқанда, биылғы жылдың қаңтар айының 1-індегі мәліметтер бойынша елдегі мүгедектер 466,3 мыңға жеткен. Бұл халық санының 3 пайызынан асады. Олардың арасында мүгедек балалар - 43,1 мың», - дейді жауапты хатшы. Отырыс барысында Тамара Дүйсенова мүгедектерге қатысты елде қалыптасқан жағдай мен олардың өмірі мен тыныс-тіршілігі жайында баяндады. Комиссия мүшелері өзара пікір алмасып, тиісті шешімдер қабылдады.