ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы магистранттарды қабылдау салтанатын өткізді
АСТАНА. Қазанның 9-ы. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы жаңа оқу жылына магистранттарды қабылдау салтанатын өткізді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылғы жылы Академияға қабылданған магистранттардың саны 163 адамды құрады. Олардың 36 - дипломатия институтының, 62 - мемлекеттік және жергілікті басқару институтының және 65 - құқықтану институтының тыңдаушылары. Магистранттардың барлығында сыртқы істер мен сот жүйесінде, министрліктер мен ведомстволарда істеген үш жылдан кем емес еңбек өтілі бар.
Биылғы жылдың ерекшелігі - Мемлекеттік басқару академиясы, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығымен үстіміздегі жылы ашылған Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебіне (МСҰМ) алғашқы қабылдауды жүргізді. МСҰМ-да оқыту мемлекеттік тапсырыс және ақылы негізде (36 мың АҚШ доллары) жүзеге асырылады. 2009-2010 оқу жылына мемлекеттік тапсырыс 20 адамға берілді. Оқыту бағдарламасы 3 ай мерзімнен тұратын үш триместрден тұрады. Оның алғашқы үш айы Қазақстанда, келесі үш айы Сингапурда және соңғы үш айлық оқу елде жалғасады. Сөйтіп, мектеп түлектері екі диплом алып шығады - МСҰМ-ның және Сингапур Ұлттық университеті Ли Куан Ю атындағы Мемлекеттік саясат мектебінің.
«Магистранттар қатарына қабылдау салтанатын өткізу ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы құрылғаннан бері қалыптасқан дәстүрге айналды. Біздің мақсатымыз зияткерлік және ғылыми реформаларды қамтамасыз етуде елдің сапалы кадрлық әлеуетін арттыру болып табылады. Осы мезеттен бастап жаңадан келген тыңдаушылар «Академия магистранттары» деген аса құрметті де, жоғары атаққа ие болады. Бұл ең алдымен үлкен жуапкершілік және олар асқан патриоттықпен, кәсіби біліктілікпен және жаңа инновациялық идеялармен ерекшеленуі тиіс», - деді құттықтау сөз сөйлеген Академия ректоры Арын Орсариев.