ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның атауы өзгертілді

«Сыбайлас Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңның қабылдануына байланысты Президенттің жарлығымен комиссияның аты өзгертілді. Енді ол ҚР Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссия деп аталатын болады. Комиссия құрамынан басқа жұмысқа ауысуына байланысты Сүлейменов Қайырбек Шошанұлы шығарылды», - деді бүгін Ақордада комиссия отырысын ашқан ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова.
Мемлекеттік хатшы өз сөзінде бүгінгі отырыс барысында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қабылданған шаралар, ҚР Ұлттық қоры қаражатын пайдалану ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық деңгейінің рейтингін қалыптастыру мәселелері бойынша қабылданған іс-шаралар талқыланатындығын атап өтті.
Комиссия отырысына бейне селекторлық режімде облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың мүшелері, білім департаменттерінің басшылары және жоғары оқу орындарының ректорлары қатысуда.
Жиын барысында ҚР Бас прокуроры Ж.Асановтың, Ұлттық банк төрағасы Д.Ақышевтің, Қаржы министрі Б.Сұлтановтың, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің, Мемлекеттік қызмет істері министрі Т.Донақовтың баяндамалары тыңдалмақ.