ҚР Президенті жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Отырыста халықтың көші-қоны саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұрудағы мемлекеттік органдардың, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің қабылдап жатқан шаралары талқыланды. Комиссия отырысын ашқан Қ. Саудабаев тәуелсіздік алған сәттен бастап көші-қон үдерістерін реттеу мәселелері Қазақстанның мемлекеттік саясатының маңызды және жауапты бағыттарының бірі болғандығын атап көрсетті. «Біздің республикамыздың географиялық жағынан тиімді орналасуы, ТМД елдерімен шекарасының ашықтығы, қолайлы экономикалық жағдай, әлеуметтік-саяси тұрақтылық, либералды халықаралық көші-қон саясаты Қазақстандағы шетел азаматтарының еңбек қызметінің, соның ішінде заңсыз көші-қон ауқымының өсіміне ықпал ететін негізгі факторлар болып табылады. Шетелдік жұмыс күшін пайдалануда тиісті тәртіптің жоқтығының, заңнамалық базаның жетілдірілмегенінің, негізгі көші-қон процедуралары бюрократтығының нәтижесі халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік органдарды бақылайтын қызметкерлердің арасында жемқорлықтың өсуіне ықпал етуде», деді Қ. Саудабаев.
Отырыста Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова, Ішкі істер министрі Серік Баймағамбетов баяндама жасады. Сондай-ақ 2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі өңірлік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы Солтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстары әкімдерінің есептері тыңдалды. Отырыстың қорытындысы бойынша комиссия тиісті мемлекеттік органдарға көші-қон бақылауы саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша, 2006-2010 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды іске асыру жоспарлары, сондай-ақ Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту жөніндегі тапсырмаларын орындау бойынша түбегейлі шараларды қабылдау жөнінде ұсыным жасады.