ҚР Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті
АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жаппай қырып-жою қаруларын таратпау мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Мәжілістің күн тәртібіне қойылған мәселе жөнінде сөз қозғаған Қанат Саудабаев: «Биылғы жыл ядролық қаруды таратпау шаралары үшін ерекше жыл. Өйткені Семей ядролық полигонының жабылғанына 20 жыл толып отыр. Бұл күн Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қаруды таратпау және одан келетін қауіптің алдын алу бағытындағы лидерлердің бірі екендігін тағы бір дәлелдейтін күн. БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 2009 жылы 29 тамызды, яғни Семей ядролық полигонының жабылу күнін - Ядролық қарулар сынағына қарсы күрес күні деп жариялауы осы сөзіміздің айқын дәлелі. Біздің комиссиямыз Мемлекет басшысының ядролық қаруды таратпау және осы мақсаттағы жаһандық үдеріске белсенді атсалысу бағытындағы саясаты мен ядролық қаруды таратпау саласындағы халықаралық деңгейдегі бастамаларын жүзеге асыру құралы болып табылады. Бүгінгі біздің отырысымыздың күн тәртібіне енгізілген мәселелер де Елбасының ядролық қаруды таратпау саласында саясатын жүзеге асыру барысында қалыптасқан жайттарды талқылау болып табылады»,-деп атап көрсетті.
Отырыс барысында аталған мәселелер төңірегінде өзара пікір алмасылды. Мәжіліс соңында тиісті мемлекеттік органдарға ядролық қарудың тарауының алдын алу, ядролық қаруды таратпау режимін нығайту және Семей полигонының жабылуына 20 жыл толуына байланысты ұйымдастырылатын шараларға тыңғылықты дайындалып, оларды жоғары деңгейде өткізу жөнінде тапсырмалар берілді.