ҚР Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы «Отпантау-2021» әскери оқу-жаттығу жиынына барды
Бұл туралы ҚазАқпарат Ақорданың ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жоғарғы Бас қолбасшы Бас штабтың алдыңғы шептегі пунктін аралап көріп, Қорғаныс министрінің, әуе қорғанысы, құрлық әскері, әскери-теңіз және десант-шабуылдаушы әскерлер күштері басшыларының, сондай-ақ Қарағанды облысы әкімінің баяндамасын тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев арнаулы мақсаттағы бөлімдердің дайындығын тексеріп, қару-жарақтар мен техникалардың заманауи түрлерін көрді, сондай-ақ Ақтаудағы әскери госпиталь мен Маңғыстау облысындағы авиациялық инфрақұрылымның құрылыстарына қатысты презентациямен танысты.
Содан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді жүргізілген әскери әдіс-тәсілдердің көрсетілімін биік мінберден тамашалады.
Оқу-жаттығу жиынының тәртібі бойынша әртүрлі әскер топтарының шартты қарсыластарына қарсы жүргізген әскери іс-қимылдарының қазіргі қарулы қақтығыстардың тәжірибесіне негізделген жаңа әдіс-тәсілдері іс-жүзінде көрсетілді. Әскер топтарының іс-қимылдары барысында әуедегі және жердегі барлау әрекеттері жүзеге асырылды. Оның нәтижелері ұшқышсыз басқарылатын аппараттар мен аралас авиация бөлімдеріне тура соққы жасалатын нысандарды көрсетіп отырған басқару пунктіне беріліп отырды.
Сонымен қатар шартты қарсыластардың ұшқышсыз басқарылатын аппараттарына қарсы күрес ұйымдастырылып, контрбатареялы соғыстың заманауи әдістері қолданылды. Оқу-жаттығу жиыны барысында әскерлердің ұтқырлық деңгейінің жоғары болуын қамтамасыз етуге назар аударылды.
Бұдан бөлек Президентке Қарулы Күштердің, ведомствоаралық бөлімдердің, сондай-ақ еліміздің әртүрлі өңірлеріндегі жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің жүргізген іс-қимылдары онлайн режимде көрсетілді. Атап айтқанда, Каспий теңізі айдынында әскери теңіз күштерінің авиация мен арнайы операциялар күштерінің қолдауымен еліміздің экономикалық нысандарын қорғауға бағытталған іс-қимылдары жүргізілді. Осындай әскери оқу-жаттығу жиындары Қарағанды облысындағы «Сарышаған», «Спасск» және Алматы облысындағы «Көктал» полигондарында өтті.
Әдіс-тәсілдер көрсетілімі аяқталғаннан кейін әскери қызметшілер алдында сөз сөйлеген Жоғарғы Бас қолбасшы «Оймаша» полигонында өткізілген оқу-жаттығу жиынының маңызы зор екенін айтты.
– Бұл тарихи мекен – елдік пен ерліктің, бірлік пен тұтастықтың символы. Ел шетіне жау тигенде бабаларымыз осы таудың басына «Ұран отын» жаққан. Жауапты сәтте бір тудың астына жиналған. Сондықтан жұртымыз оны «Бірліктің оты» деп атаған. Ерлеріміз туған жерді қорғау үшін жорыққа Отпантаудың бауырынан аттанған. Осы жерде ұлт тағдырын шешетін маңызды жиындар өткен. Бұл игі дәстүр қазіргі күнге дейін жетіп отыр. Біз батырларымыздың рухына тағзым етеміз. Сонымен бірге дәстүр сабақтастығын сақтаймыз. Ең бастысы, байтақ даланы ұрпағына мирас еткен бабалар аманатына адал болып, Отанымызды қорғаймыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президент әскери оқу-жаттығу жиындарында, соның ішінде халықаралық деңгейде тұрақты түрде жақсы нәтиже көрсетіп келе жатқан еліміздің Қарулы Күштерінің әскери дайындығының деңгейі жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ әскеріміздің нақты соғыс жағдайында да биіктен көрінетініне сенім білдірді.
– Армияда үнемі жаңғыру үдерісі жүргізіледі. Бұл заманауи сын-қатерлер мен қауіптерге дайындығымызды қамтамасыз етеді. Арнайы операциялар жүргізетін күштер, барлау бөлімдері мен арнаулы мақсаттағы бөлімшелер қарқынды дамып келеді. Диверсиялық әрекеттерге қарсы іс-қимылдар пысықталады. Тура соққы жасайтын қарулар мен ұшқышсыз басқарылатын құралдар кеңінен қолданыла бастады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы әскери қызметшілер алдында сөйлеген сөзінде өңірдегі әскери-саяси ахуалдың күрделену жағдайында өткен бүгінгі кешенді оқу-жаттығу жиыны күштік құрылымдар мен жергілікті атқарушы биліктің дағдарыс жағдайын ауыздықтауға әзірлігін көрсеткенін жеткізді.
Жоғарғы Бас қолбасшы оқу-жаттығу жиындары еліміздің әртүрлі өңірінде орналасқан жеті оқу-жаттығу полигонында және Каспий айдынында өткенін атап өтті. Жалпы оқу-жаттығу жиындары шығыстан батысқа қарай үш мың шақырым аумақты қамтыды.
– Жеке құрам мен техниканы өз жүрістерімен, теміржол және әуе қатынастары арқылы жылжыту жұмыстары пысықталды. Бұл Қарулы Күштердің стратегиялық ұтқырлығын, қауіп төндіретін негізгі бағыттар бойынша әскери топтарды жедел құру мүмкіндігін көрсетті. Штабтардың шұғыл жағдайлар кезіндегі үйлесімді жұмысын, жоғары технологиялы қарулар мен әскери іс-қимылдарды жоспарлау әдістемелерінің қолданылуын көрдік. Әкімдіктердің де дайындық деңгейінің жоғарылағанына куә болдық. Қазіргідей «стресс-тестілеу» кезінде олардың рөлі әскери құрамдардан кем түспейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент армияның мемлекет пен қоғам тарапынан жіті бақыланатын нысан екенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы әскерді заманауи қару-жарақпен және техникамен одан әрі жабдықтауға негізделген Қарулы Күштерді және басқа да әскерлер мен әскери құрамдарды дамыту тұжырымдамасының бекітілгенін еске салды.
– Олардың қатарында әуе шабуылына қарсы қорғаныс, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттары, барлау және радиоэлектронды күрес құралдары бар. Майдан, әскери және әскери-көлік авиация паркін жаңарту жұмыстары жалғасады. Әскеріміз шетелдік және отандық өндірісте жасалған тура соққы жасайтын зымыран кешендерімен жабдықталады. Жалпы Қарулы Күштердің техникалық әлеуеті қазақстандық армияның жаңа келбетін көрсетеді, – деді Мемлекет басшысы.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілерге кешенді әлеуметтік қолдау көрсету мәселелеріне де тоқталды.
– Қаржыландыру мәселесі кезең-кезеңімен артып келеді. Биылдан бастап әскери қызметшілердің лауазымдық еңбекақылары 35 пайызға өсті. Алдағы екі жылда орташа есеппен 60 пайызға жоғарылайды. Барлық санаттағы әскери қызметшілер үшін тұрғын үй мәселесі заңнамалық тұрғыдан шешілген. ТМД-ның басқа елдеріне қарағанда қазақстандық әскердің әлеуметтік топтамасы – бәсекеге қабілетті. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қорғау мәселесі әрдайым мемлекет басымдық беретін салалардың қатарында болады. Күшті әскер – қуатты егемен Қазақстанның кепілі, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзінің соңында мінсіз қызметтері үшін әскери қызметшілерге алғыс айтып, еліміздің қауіпсіздігін берік қорғайтындарына сенім білдірді.
«Отпантау-2021» жедел-стратегиялық әскери-штабтың оқу-жаттығу жиыны әскеріміздің әзірлігін тосыннан тексерудің соңғы кезеңі болды. Қарулы Күштердегі оқу-жаттығу жиындары биылғы қыркүйек айының басынан бері жүргізіліп келеді. Тексеріске 9 мыңға жуық әскери қызметші қатысып, 3 мыңнан астам қару-жарақ пен әскери техника, оның ішінде 66 ұшу аппараты мен 8 кеме жұмылдырылды.