ҚР Президенті жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен табыстады (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан сарбаздары бірілігіміздің берік қорғаны болады деп кәміл сенемін. Бұл туралы бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада жыл сайынғы дәстүр бойынша «Атамекен» этно-мемориалды кешен алаңында Мемлекеттік ту көтеру мен офицерлік шен тапсырудың салтанатты шарасында мәлім етті.

ҚР Президенті жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік шен табыстады (ФОТО)

«Биыл біз Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдық мерекесін атап өтейік деп отырмыз. Байрақты батырларымыз және ержүрек бабаларымыз елдігіміздің негізін қалаған, сондықтан жас сарбаздарға осы күні офицерлік шен тапсырудың символдық мәні өте зор. Әнұран әуенімен көтерілген Көк байрақ әр қазақстандықтың бойына - жігер, жүрегіне - нұр құяды деп сенемін. Рухын асырып, мерейін тасытады. Сондай асқақ сезіммен қуат алған ерлеріміз бірілігіміздің берік қорғаны болады деп кәміл сенемін»,- деді Президент.

Салтанатты шара аясында ҚР Президенті, ҚР Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің жоғары әскери оқу орындарының түлектеріне офицерлік погон табыстады. Яғни, ҚР Қорғаныс министрлігі Құрлық әскері институтының, ҚР Ұлттық Ұланы әскери институтының, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Әскери институтының он екі түлегі Елбасының қолынан погон алды. Салтанатты шара барысында патриоттық композициялар мен әскери марш орындалды.

«Бүгінде Қазақстанда жоғары әскери оқу орындарын бітіріп жатқан түлектер баршылық. Солардың барлығын бүгін сендер арқылы құттықтаймын. Сіздер өз өмірлеріңізді осы мамандыққа бұрдыңыздар. Сондықтан бұл қызмет оңай жұмыс емес. Отанды қорғау қасиеті әрбір адамның борышы!»,- деді Елбасы.