ҚР Президентінің БҰҰ Азық-түлік жүйелері саммитінде сөйлеген сөзінің толық мәтіні
Құрметті Бас хатшы!
Саммитке қатысушылар!
Ханымдар мен мырзалар!
Ең алдымен, Бас хатшы мырза, бүгінгі Саммитті ұйымдастырғаныңыз үшін Сізге ризашылығымды білдіремін.
Әлем климаттың өзгеруі, COVID-19 пандемиясы, саяси әрі экономикалық тұрақсыздық сияқты жаһандық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осындай кезде азық-түлік нарығының орнықты дамуы үшін жағдай жасау маңызды міндеттердің бірі болады.
Азық-түлік жүйелері табиғи қажеттілік, қоршаған орта, экономика мен мәдениет сияқты адамзат болмысының барлық қырын қамтиды.
Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының бағалауы бойынша коронавирус пандемиясы мен климаттың өзгеруі нәтижесінде осы жылдың соңында әлемде 270 миллионнан астам адам азық-түліктің жетіспеушілігін сезінеді. Ал 2030 жылға қарай әлемдік су тапшылығы 40 пайызға жетуі мүмкін.
Әлем бойынша азық-түлікті жеткізудің белсенді қатысушысы саналатын Қазақстан аграрлық секторды экологияландыруды және орнықты дамытуды қолдайды.
Еліміз бидай мен ұн өндіруші ірі елдердің ондығына кіреді және жылына 7 миллион тоннаға дейін бидай экспорттайды.
Біз негізгі тежеуші факторларға қарамастан, майлы дақылдар экспортын 1 миллион тоннадан асырдық. Дегенмен, азық-түлік жүйесі экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрғыдан орнықты болуға тиіс.
Қазақстанның егін шаруашылығы бойынша қауіп-қатері бар аймақта орналасқан және құрғақ климаттың әсерімен бетпе-бет келуде. Еліміздің су шаруашылығы 40 пайыз көрші елдерден ағып келетін суға тәуелді.
Жер-су ресурстарын барынша тиімді пайдалану мақсатында жердің құнарын арттыру, су үнемдеу технологияларын енгізу және су өткізу жүйелерін цифрландыру жөнінде шаралар қабылдадық.
Орнықты азық-түлік жүйелері туралы айтқан кезде көптеген елде су дипломатиясына қатысты мәселелер өзекті екені анық байқалады.
Азық-түлік жүйелері жөніндегі проблемалар мен су ресурстарын басқару, шекарааралық өзендерді пайдалану мәселелері өзара тығыз байланысты. Мұның барлығы азық-түлік жүйелері туралы келісімдерде көрініс табуы керек.
Қазақстан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымын құруға бастамашы болды. Қазіргі таңда оның құрамында халқының жалпы саны 1,4 миллиардқа жуық 36 ел бар.
Осы ұйым аясында Қазақстан жыл сайын мұқтаж елдерге, оның ішінде Ауған халқына бидай мен ұн жеткізу сияқты қайтарымсыз гуманитарлық көмек көрсетіп келеді.
Бас хатшы мырза!
Саммитке қатысушылар!
Алдымызда атқаратын ауқымды жұмыстар тұр. Мемлекеттер арасындағы агротехникалық, ғылыми және инновациялық байланыстарды нығайту қажет. Сонымен қатар қаржы, инвестиция, көлік және логистика салаларын да ілгерілетуіміз керек.
БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы жаһандық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны қолдау мақсатында тұрақты экожүйе қалыптастыру үшін барынша белсенді жұмыс істеуі қажет.
Саммит аштықты жою, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оны жақсарту, тұрақты ауыл шаруашылығының дамуына ықпал ету сияқты Орнықты дамудың екінші негізгі мақсатына қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенімдімін.
Рақмет!