ҚР Президентінің идеялары бүгінгі күн талаптарына жауап береді - Өзбекстан профессоры
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақстан халқы үшін гуманистік және біріктіруші серпіліс тудырып отыр. Мырза Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университетінің «Социология» кафедрасының меңгерушісі Комил Қаланов осындай пікір білдірді.
«Біз үшін Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы ғылыми-әдістемелік тәсілі қызықты. Оның тұжырымдамалық шеңберін мақаланың «Кеңістік - барлық нәрсенің, ал уақыт - бүкіл оқиғаның өлшемі. Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген бірінші абзацынан-ақ көруге болады. Онда автор кез келген елдің тарихы жекелеген фрагменттер арқылы емес, заманауи ғылым биіктігінен түсіндірілуі тиіс екенін атап өткен», - деді профессор.
Ғалымның айтуынша, мақала гуманистік және біріктіруші серпіліс беріп отыр. Бұл ретте Қазақстан Президенті ел тарихының бұл аумақта ұзақ уақыт бойы тұрып жатқан көптеген ұлыстар үшін ортақ болып табылатынын атап өтті. «Мұндағы даналық келесі тезисте жатыр: «мәселе өз ұлылығын басқа халықтардың рөлін төмендету арқылы көрсету емес», - деп қосты Комил Қаланов.
«Н. Назарбаевтың келесі маңызды әдіснамалық қағидасы - бабалардың қазіргі заманғы ең алдыңғы қатарлы технологиялық жаңалаумен мызғымас байланысын бөліп көрсету. Осындай көзқарас ғылыми және археологиялық іздеулер арқылы расталған бірқатар тарихи оқиғаларға негізделіп отыр. Осылайша, қазіргі Қазақстанның аумағы - бұл сонымен қатар қазіргі уақытта қолданылып жүрген материалдық мәдениеттің көптеген түрлерін жасап шығару, мысалы, металл өндіру әдістерін құру орны», - деп атап өтті ғалым.
«Жаһандану мен көпшілік мәдениеттің заманауи контекстінде «ата-бабалардың қоршаған ортамен толық үйлесім тауып, өздерін табиғаттың ажырамас бөлігі деп санағаны» туралы тезис үлкен қызығушылық тудырды. Осындай тәсіл бірінші кезекте Арал дағдарысы тәрізді өткір экологиялық мәселелерді шешуге мүмкіндік береді», - деді Комил Қаланов.
Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы ғылыми фактілерге сүйене отырып, Қазақстанның жаһандық тарихтағы рөлін дұрыс түсіну үшін ғылыми және әдіснамалық негіз қалауға күшті импульс болған.
«Өзбекстанның ғылым қайраткері ретінде «өз тарихын ұмытпай, бағалап, мақтан ететін халықтың болашағы зор» деген сөздерді айтқым келеді. Сондықтан Н.Назарбаевтың Қазақстан тарихы саласындағы идеялары мен бастамаларын іске асыру көршілес елдердің де бүгінгі күн талаптарына жауап беріп, сондай-ақ Орталық Азияның жалпы алғанда рөлін нығайтады», - деп түйіндеді сөзін профессор Комил Қаланов.