ҚР Президентінің кеңесшісі ерте қиылатын некелердің жиілеп бара жатқанына байланысты дабыл қағуда

АСТАНА. 19 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің кеңесшісі, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясының төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова ерте қиылатын некелердің келеңсіз салдарының жиілеуіне байланысты дабыл қағуда. Бұл жайын ол бүгін Астанадағы «Мыңжылдық даму мақсаттарының аясында Орталық Азия мен Кавказ елдеріндегі жасөспірім қыз балаға қатысты зорлық-зомбылық пен ерте және күштеп қиылатын неке құбылысын алдын алу» атты халықаралық конференция барысында айтты.

ҚР Президентінің кеңесшісі ерте қиылатын некелердің жиілеп бара жатқанына байланысты дабыл қағуда

«Ерте қиылатын неке құбылысының салдарынан жас әйелдердің арасында ана өлімінің деңгейі жоғары. Бұл тұрғыда денсаулық сақтау саласы кінәлі емес, атап айтқанда ерте жастан бала көтеруге жас ана ағзасының дайын болмауы себеп болуда. БАҚ-тарда ерте қиылатын некелердің кері салдары жайында мариалдар жиі кездесуде. Интернетте кәмелеттік жасқа толмаған әйелдеріне жәбірлеушілік көрсету жайындағы жантүршігерлік бейне түсірілімдермен толып жатыр. Осының барлығы біздің қыздарға қатысты адамзаттық қарым-қатынастарға сай келмейтін әрекеттерге жол бермеу бойынша түбегейлі шараларды қолданудың уақыты жеткендігін көрсетіп отыр», - деді Г. Әбдіқалықова.

Оның сөзіне қарағанда, ҚР Сатистика агенттігінің мәліметінше, елімізде жоғары оқу орындарында оқитын қыздардың саны ер балаларға қарағанда басым. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің 58 пайызы әйелдердің үлесінде.

«Мысал ретінде келтіретін көптеген табысты сәттер бар. Алайда, бұл жақсы көрсеткіштер, жүргізілген зерттеулердің барысында анықталған келеңсіз құбылыстарды жасыра алмайды. Адамдар өздерінің осы қатаң әркеттерін әрқилы ақтап шығуға тырасады. Кейбір ата-аналар қызының ерте қиылған некесін ұлттық дәстүрмен, басқалары діни талаптарды орындауға байланысты дегенді алға тартуда», - деп тоқталды ол.

Г. Әбдіқалықованың пайымынша, халықаралық нормаларға сай мемлекеттер заңдардың реформасын жүргізіп, қыз балаларға, әйелдерге қатысты қадамдарды өзгертіп, осы құқықтық шараларды жүзеге асыру бойынша тетіктерді құруы тиіс.