ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы заң аясында өтіп жатыр-ҚР Бас прокуратурасы
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - ҚР Бас прокуратурасының мәліметтері бойынша ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы заң аясында өтуде.
Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Бас прокуратураның Әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықтарды қадағалау департаментінің бастығы Андрей Кравченко мәлім етті.
Андрей Кравченко сайлауалды науқаны кезіндегі жағдайға тоқталып өтті. Оның сөзіне қарағанда, сайлауалды науқаны барысында аздаған заң бұзушылықтар орын алған. Олардың басым бөлігі бойынша прокуратура органдары тек заңды түсіндіру шараларымен ғана шектелді. Кей жағдайда қандай да бір әрекеттердің заң бұзуға алып келетіндігін ескертті. «Заңға қайша дейтін әрекеттердің ең ұсақтары - үгіт-насихат құралдарын құрту, бір кандидаттың насихат құралын екінші кандидаттікі іліп кету жағдайлары. Мұндай фактілер бойынша арнайы тексерулер жүргізіліп, тиісті прцессуалды құжаттар дайындалады. Ал кінәлі азамат анықталған соң оны жауапқа тарту мәселесі қарастырылады»,-деді Бас прокуратура өкілі.
Оның айтуынша, 27 наурыз күні Ақтөбе қаласында президентікке кандидат Жамбыл Ахметбеков пен Ғани Қасымовтың үгіт-насихат құралдарына стикерлер жапсырылып кеткен. «Ал 31 наурызда Тараз қаласында белгісіз азаматтар президентікке кандидат Ғани Қасымовтың үгіт-насихат құралдарының бетіне кандидат Жамбыл Ахметбековтың суретін жапсырған»,-деді А.Кравченко.