ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау үшін 850-ден астам шетел азаматы тіркелетін болады - ОСК

АНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - 3 сәуірде өтетін кезектен тыс Президенттік сайлауды бақылауға Қазақстанға 850-ден астам шетелдік бақылаушы келеді деп болжап отыр.

ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын бақылау үшін 850-ден астам шетел азаматы тіркелетін болады - ОСК

Бұл туралы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мен дайындық жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері жөнінде өткен бүгінгі республикалық семинар-кеңес барысында Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова мәлім етті.

«Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда ЕҚЫҰ мен ТМД-ның Демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) миссиясы қалыптасып жатыр. Ғаламторда ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының күтіліп отырған мүшелер саны 436 адамды, оның ішінде ұзақ мерзімді бақылаушылар саны 36 адамды құрайды, бұл сандардан басқа ТМД тарапынан да бақылаушылар миссиясы болады деген ақпарат жарияланған», - деді Т.Охлопкова.

Ол сондай-ақ шетелдік бақылаушыларды аккредитациядан өткізудің бір шарты Қазақстан Республикасының шақыруы болып табылатындығын еске салды. «4 ақпан күні Орталық сайлау комиссиясы ҚР Мемлекеттік хатшысы-Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевқа халықаралық бақылаушылар институтының ашылғандығы туралы хат жолдады. Шетелдік бақылаушыларды тіркеу 7 ақпан күні басталған, 28 наурыз күні аяқталады», - деп атап өтті ол.

Сонымен қатар ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі «Қазақстанда халықаралық бақылау институты ашылмаған бір де бір сайлау науқаны өтпегенін» атап өтті.

Және де ол 2005 жылдың 4 желтоқсаны күні өткен ҚР Президентінің сайлауында 1634 халықаралық бақылаушылар мен шетелдік БАҚ өкілдері тіркелгенін еске салып өтті.