ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына президенттікке кандидаттарды ұсыну 5 ақпаннан басталады-ОСК
"Президенттікке кандидаттарды ұсыну 2011 жылғы 5 ақпанда басталады және 20 ақпанда аяқталады", -Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов бүгін Астанада ОСК-нің мәжілісінде.
Айта кетейік, аталмыш мәжілісте 2011 жылғы 3 сәуірге тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі шаралардың күнтізбелік жоспары бекітілді.
«Президенттікке кандидаттарды саяси партиялар мен республикалық қоғамдық бірлестіктер ұсына алады. Сондай-ақ азаматтар өздерін-өздері ұсынуға құқылы. Сайлаушылардың Президенттікке кандидатты қолдауы олардың қол жинауы арқылы расталады. Президенттікке кандидат әрбір азамат ең аз дегенде еліміздің 14 облысының 9-ының қолын, сондай-ақ Алматы мен Астана қалаларының атынан теңдей өкілдік ететін 91 мың қол жинауы тиіс»,- деді ОСК Төрағасы.
Оның сөзіне қарағанда, Президенттікке кандидаттарды тіркеу кандидаттар барлық қажетті құжаттарды ұсынғаннан кейін басталады. Бұл шара биылғы жылдың 2 наурызында аяқталады. Президенттікке кандидат тіркелгенге дейін және оның Конституция мен сайлау туралы заңмен қойылатын талаптарға сәйкес келуін тексергеннен кейін, сондай-ақ оны қолдаушылардың қолдары тексерілгеннен кейін Орталық сайлау комиссиясының есебіне 800 мың теңге көлемінде жарна аударады. Кандидат пен оның жұбайы тіркеуге дейін тұрғылықты жері бойынша салық органдарына 2011 жылдың 1 ақпанындағы жағдай бойынша табысы мен мүлкі туралы декларациялар ұсынады.
Айта кетйік, ҚР Конституциясына сәйкес, ел Президентін Қазақстан Республикасының азаматтары жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы 5 жыл мерзімге сайлайды. Президент болып туғаннан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген және Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын азамат сайлана алады.