ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылардың 95,22 пайызы дауыс берді
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауында сайлаушылардың 95,22 пайызы дауыс берді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.
«Облыстық, Астана және Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссияларынан алынған деректер негізінде біз сіздерді ҚР Президентінің сайлауына сайлаушылардың келуінің қорытынды нәтижелерімен таныстыруға мүмкіндігіміз бар. Бұл көрсеткіш 95,22 пайызды құрады. 26 сәуір күнгі мәліметтермен салыстырғанда, Астана қаласына қарасты шетелдік учаскелер есебінен көбейді», - деді Қ.Тұрғанқұлов.
Оның атап өтуінше, сол себепті Астана қаласы бойынша сайлаушылардың келуі 97,18 пайызды құрады.
«26 сәуір сайлаушылар өздерінің айырықша азаматтық ұстанымын, электораттық белсенділігін және елдің болашағы үшін саяси жауапкершілігін айқын көрсетті. Егемен Қазақстан тарихында дәл осындай белсенділік бірінші рет болып отыр. Науқанды ұйымдастырудың жоғары деңгейіне байқаушылар мен сарапшылар көз жеткізіп, баса назар аударды», - деді ҚР ОСК төрағасы.