ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауының ашықтығы толық қамтамасыз етіліп отыр - ОСК хатшысы
АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Орталық сайлау комиссиясы өз қызметін ашық, жариялы түрде және ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қызығушылық танытқан барлық мекемелермен бірлескен түрде жүргізуде.
Сондай-ақ ОСК өз қызметін «ҚР Сайлау туралы» заңының аясында ғана атқаруда»,-деді бүгін Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Бақыт Мелдешов журналистермен болған брифингте
Оның сөзіне қарағанда, ОСК сайлау барысы туралы ақпараттарды жедел түрде бұқаралық ақпарат құралдары мен елімізде тіркелген шетелдік байқаушыларға және саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерге жеткізіп отырады. «Бүгінде біздің «Сайлау туралы» заңымызда сайлауда халықаралық байқаушылар тарапынан қадағалау мәселесі қарастырылған. Осыған қарай ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын 1 мың 59 байқаушы қадағалап отыр. Сонымен қатар еліміздің Сыртқы істер министрлігінде тағы 212 журналист тіркелген. Осылардың барлығын толықтыра келгенде Қазақстандағы кезектен тыс президенттік сайлауды 1 мың 271 байқаушы қадағалап отыр деуге болады. Бұған қоса, сайлаудың барысын Президентікке кандидаттардың сенімді өкілдері мен елдегі саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың атынан өкілдік ететін отандық байқаушылар да бақылап отыр. Бізде отандық байқаушылар жөнінде нақты мәлімет жоқ. Осыған дейінгі сайлаулардағы тәжірибені ескеретін болсақ, олардың саны 30 мыңға жуықтайды деп топшылауға болады»,-деді ОСК хатшысы.
Оның пайымдауынша, аталған мәселелерді назарға алғанда сайлау процедураларының ашықтығы қамтамасыз етіліп отыр. Ал дауыс беру шарасы тыныш әрі тұрақты өтіп жатыр. «Электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдардың мониторингіне талдау жасасақ, еліміздің барлық аймақтарындағы сайлау комиссиялары ұйымдасқан түрде қызмет ете білді. Ал сайлаушылардың белсенділігіне байқаушылар оң бағасын беріп отыр. ОСК-на осы дауыс беру күнінде қандай да бір заңбұзушылықтарға қатысты шағымдар келіп түскен жоқ»,-деді Б.Мелдешов.