ҚР Президентінің мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған Жарлығына түсіндірме

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Әкімшілігінің Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы ресми БАҚ-та Мемлекет басшысының елдегі қолданыстағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған Жарлығына түсіндірмені жариялады.  

ҚР Президентінің мемлекеттік жоспарлау жүйесінің тиімділігін арттыруға бағытталған Жарлығына түсіндірме

«Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 27 тамыздағы № 371 Жарлығына

ТҮСІНДІРМЕ

2012 жылғы 27 тамызда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы Президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Жарлыққа (бұдан әрі - Жарлық) қол қойды.

Жарлықпен Қазақстан Республикасы Президентінің бірқатар жарлықтарына, атап айтқанда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 маусымдағы №827, «Қазақстан Республикасының мемлекеттік жоспарлау жүйесінің одан әрі жұмыс істеуінің кейбір мәселелері туралы» 2010 жылғы 4 наурыздағы №931 және т.б. жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Тұтастай алғанда Жарлық елдің қолданыстағы Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің (бұдан әрі - МЖЖ) тиімділігін арттыруға бағытталған.

Атап айтқанда, Жарлық:

МЖЖ нормаларын Қазақстан Республикасы Бюджеттік кодексі ережелеріне, Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік мүлік туралы» және «Ұлттық әл-ауқат қоры туралы» заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 2 мамырдағы «Өңірлерде сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарын жетілдіру туралы» № 67 Жарлығына сәйкестендіруді;

МЖЖ құжаттарын орындау барысы туралы есептілік санын оңтайландыру, сонымен қатар оларды ұсыну мерзімін үйлестіруді;

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру бойынша жалпыұлттық іс-шаралар жоспарларын әзірлеу, мониторингілеу және іске асыруды бақылау тәртібін регламенттеуді;

МЖЖ жекелеген құжаттарының құрылымын жетілдіруді;

МЖЖ құжаттарының орындалуын бақылауды регламенттеуді;

МЖЖ құжаттарын іске асырудың нәтижелілігіне және тиімділігіне деген жауапкершілікті кеңейтуді;

стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына мониторинг және бағалау жүргізу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Үкіметі қорытындыларының мазмұнына талаптар белгілеуді көздейді.

 

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің

Стратегиялық әзірлемелер және талдау орталығы