ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинары өтуде

Семинарға еліміздің мемлекеттік органдарының қызметкерлерімен бірге хаб қатысушы елдері - Беларусь, Армения, Тәжікстан, Украина, Әзірбайжан мен Қырғызстанның мемлекеттік қызметшілері қатысады.
Семинардың ашылуында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Бәйменов Алихан Мұхамедияұлы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әбдірәсілов Болатбек Серікбайұлы құттықтау сөз сөйледі.
Семинарды әлемге танымал сарапшы, Виктория Веллингтон Университетінің (Жаңа Зеландия) профессоры Родни Дормер өткізеді.
Мемлекеттік органдар қызметіндегі менеджмент жоспарлау, ұйымдастыру, үйлестіру, уәждеме және бақылау секілді негізгі функциялар арқылы іске асырылады. Басқарушылық еңбек бөлінісі ұйымдық құрылымда, ал қайталанатын және стандартты іс-әрекеттер әкімшілік рәсімдерде нормативті түрде бекітіледі.
Академия халықаралық тәжірибені назарға ала отырып, мемлекеттік басқарудың үздік халықаралық тәжірибесіне бағдарланған және мемлекеттік органдар қызметінің салалық ерекшелігі мен қызметшілердің кәсіби қажеттіліктерін қамтитын қазіргі заманғы оқу бағдарламаларын әзірледі.
Семинар мемлекеттік сектордағы менеджменттің ерекшеліктері мен мәселелерін зерделеу, қызмет тиімділігін бағалауға арналған критерийлерді түсіндіру, есептілікті дайындау және ұсыну процестерін талқылау, сондай-ақ Жаңа Зеландия үлгісінде мемлекеттік сектор қызметінің тиімділігін басқару мәселелерін қарастыру бойынша бірқатар проблемаларды талқылауға арналды.
Семинар соңында тыңдаушыларға сертификаттар тапсырылатын болады.