ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті
АНА. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін «Ақорда» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссияның отырысы болып өтті.
Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары туралы» Заңына сәйкес мемлекеттiк наградалармен марапаттауға ұсыныстарды Қазақстан Республикасының Президентiне Парламент, Үкiмет, министрлiктер, орталық және жергiлiктi атқарушы органдар, шығармашылық одақтар мен басқа да ұйымдар енгiзедi. Мемлекеттік наградалар жөніндегі комиссия туралы ережеге сәйкес комиссия келіп түскен ұсыныстарды қарап, лайықты азаматтарды марапаттау үшін Елбасының қарауына ұсынады.
«Комиссияның бүгінгі отырысы әлемдік деңгейдегі тарихи оқиға -Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жаңа мыңжылдықтағы саммитінен кейін өтіп отыр. Он бір жылғы үзілістен кейін Елбасының бастамасы бойынша осы жоғары деңгейдегі форумның Астана қаласында өтуі - халықаралық қоғамдастықтың бүгінгі күні әлемдегі Қазақстанның салмақты рөлін, Президент Нұрсұлтан Назарбаевты аса көрнекті әлемдік көшбасшы ретінде шынайы тануының айқын куәсіне айналды. Тарих ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің шын мәніндегі маңызын әлі де лайықты бағалай жатар, алайда бүгін оның қорытындылары мен Саммит барысында қабылданған «Жалпыға ортақ қауіпсіздік» атты Астана декларациясы Ванкуверден Владивостокқа дейінгі орасан кеңістіктегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайтуға үлкен серпін береді деп сеніммен айтуға болады. Және бұл барлық ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің осынау теңдессіз табысы Тұңғыш Президентіміз, тәуелсіз Қазақстанның негізін құрушы-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен, біздің елордамыз Астанамен әрдайым байланысты болады. Бұл шынымен де, өзінің тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтетін жылға олимпиадалық табыспен қадам басып отырған Қазақстанның жұлдызды сәті деуге болады», - деп мәлімдеді Мемлекеттік хатшы - Сыртқы істер министрі Қ.Саудабаев комиссия отырысында.
Комиссия биылғы жылы келіп түскен құжаттарды қарай келе, Мемлекет басшысының қарауына мәдениет, ғылым, білім беру, денсаулық сақтау, аграрлық сектор салаларының өкілдерін, соғыс және еңбек ардагерлерін, әскери қызметшілер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің нақты кандидатураларын ұсынды. Сондай-ақ, ұсынылғандар қатарында ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін дайындауға және өткізуге лайықты үлес қосқан отандастарымызбен бірге шетелдік қайраткерлер де бар.
Наградтау туралы шешімді Елбасы Тәуелсіздік күні мерекесінің қарсаңында қабылдайды және ол Президент Жарлығымен ресімделеді.