ҚР Президентінің кеңесшісі жұртшылықты кітапты көп оқуға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Ұлытау облысына сапары аясында өткен аймақ жұртшылығымен кездесуде жастарды кітап оқуға шақырды.

Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, өңірдің ардагерлері, қоғамдық ұйым өкілдері, жастар қатысқан жиында Мәлік Отарбаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көтерілген мәселелер мен бастамалардың жүзеге асу барысына тоқталды.

«Мемлекет басшысы халқымыздың озық ойлы ұлтқа айналуының төте жолы кітап оқу екенін айтқанын білесіздер. Интернет пен әлеуметтік желі әрине, өмірімізде өз орнын алып үлгерді. Алайда олар кітап беретін рухани құндылықтарды сыйлай алмайды. Сондықтан осы жерде отырған жастар қауымын кітапты көп оқуға, оны күнделікті өмір салтына айналдыруға шақырамын»,- деді кездесуде Мәлік Отарбаев.
Мемлекет басшысының кеңесшісі сапар барысында облыстың имамдарымен де кездесті. Кездесуге Ұлытау облысы аумағында қызмет етіп тұрған мешіттердің бас имамдары қатысты. Онда Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың «Адал адам-Адал еңбек-Адал табыс» үшінші отырысында дәстүрлі діни құндылықтарымызға қатысты айтқан ойлары талқыланды.

Облысқа жұмыс сапары барысында Президент кеңесшісі «Жошы хан» тарихи-мәдени кешені, Алашахан, Домбауыл кесенелері мен Ұлытау ауданында болып, тарихи орындарды аралады.

