ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Al Jazeera екінші бірлескен жобаны қолға алды
АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Al Jazeera Media Network Ынтымақтастық туралы меморандум бойынша жұмысты жалғастыруда. 2024 жылдың ақпан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қатар еліне мемлекеттік сапары шеңберінде тиісті құжатқа қол қойылды.

Бұған дейін қос медиа-компанияның алғашқы бірлескен қадамы – «Al Jazeera-мен бір апта» жобасы жүзеге асқан болатын. 2024 жылы сәуір айында Maqsut Narikbayev University халықаралық журналистика мектебінің 100-ден астам студенті әлемдік деңгейдегі журналистер мен оқытушылардан 1 апта дәріс тыңдады.
Сондай-ақ жоба аясында Al Jazeera-ның білікті мамандары, Al Jazeera Media Network бас директоры Мостефа Суага қазақстандық журналистер мен медиа саласының өкілдері үшін 4 көпшілік дәріс өткізді.
Ынтымақтастық туралы меморандумды жүзеге асырудағы келесі практикалық қадам – ҚР Президентінің Телерадиокешені журналистерін Al Jazeera медиа-институтында оқыту. Жақын арада Дохадағы Al Jazeera Media Network филиалдарында қазақстандық журналистерге арналған жеке күндізгі оқыту бағдарламасы ұйымдастырылады.
ҚР Президентінің Телерадиокешені директоры Раушан Қажыбаева мен Al Jazeera Media Network бас директоры Мостефа Суаганың кездесуі барысында оқу бағадарламасы егжей-тегжейлі талқыланды.

– Al Jazeera – әлемдегі салмағы басым БАҚ. Компаниялар арасындағы серпінді даму отандық медианың өркендеуіне және телеарналардың кәсіби өрістеуіне ықпал етеді, – деді Раушан Қажыбаева.

– Оқуға жіберілген барлық журналист ағылшын тілін кәсіби деңгейде меңгерген, IELTS деңгейі 6.5-тен кем емес. Барлық әріптес елге оралған соң ҚР Президентінің Телерадиокешеніндегі қызметін жалғастырады, – деп қосты қазақстандық медиахолдинг басшысы.

Айта кетейік, ҚР Президентінің Телерадиокешені журналистерінің Al Jazeera Media Institute базасында білім алуы – компаниялардың қазақстандық журналистика саласының кәсіби құзыретін ілгерілетуге бағытталған екінші маңызды жобасы.

Қазақстандық журналистиканың кәсіби құзыреттілігін дамытуға бағытталған бірлескен жобалар сериясы келесі жылы да жалғаспақ. Тараптар 2025 жылдың сәуір айында Астанада екінші Al Jazeera апталығын өткізуге келісті. Қатар медиа-корпорациясының мамандары MNU халықаралық журналистика мектебінің студенттері үшін бірқатар шеберлік сабақтары мен семинарлар өткізеді.
ҚР Президентінің Телерадиокешені Қазақстандағы ең ауқымды медиа-компанияның бірі саналады. Құрамына Jibek Joly, Silk Way, Silk Way Cinema телеарналары және елдегі ең ескі «Kazinform» халықаралық ақпарат агенттігі мен Деректі фильмдер орталығы кіреді.
Al Jazeera Media Network – 1996 жылы Қатар Әмірінің жарлығымен құрылған халықаралық телекомпания. Телекомпания араб, ағылшын тілінде әлемнің көптеген еліне хабар таратады, 50-ден астам шетелдік бюросы бар. Компанияның деректі фильмдер контенті Al Jazeera Documentary телеарнасынан таратылады.